Қарағанды облысының ең үздік ұстаздары
03-10-2014 05:43
Қарағанды облысының ең үздік ұстаздары

 

Қарағанды облысының ең үздік ұстаздары

3 қазанда Кеншілер мәдениет сарайында Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков білім беру қызметкерлеріне сыйақы тапсырды. Мұғалімдер күні қарсаңында өткен салтанатты кеште облысымыздың үздік 11 ұстазы 250 мың теңге, ал білім беру ісінің 3 үздік қызметкері 1 млн. теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Ұстаздарды марапаттау үшін мерейлі кешке қатысқан ҚР Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиевке облыс әкімі «Қарағанды облысына еңбегі сіңген білім қызметкері» медалін тақты.

 

-  Құрметті, ұстаздар! Бүгін біз аса қадірлі мерекелердің бірі – ұстаздар күнін, білім беру қызметкерлерінің мереке күнін атап өтудеміз. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Әрине, біздің әрқайсымыздың ұстазға деген құрмет сезіміміз ерекше. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев баса айтқандай, болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады, сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр. Құрметті, ұстаздар! Мектеп білім мен инновацияның тірегі болса, сіздер сол мектептің жүрегі болып табыласыздар! Бүгінгі  барлық марапат пен құрмет тек сіздерге арналады. Мерейлі мерекеде сіздерге зор денсаулық, шығармашылық табыстар тілейміз», - деді жиынның ашылу салтанатында облыс әкімі Н. Әбдібеков. 

Қарағанды республика көлемінде білім қызметкерлеріне арналған осы сыйақыны 2006 жылы тұңғыш болып бекіткен аймақ. Биыл 9-рет жалғасын тауып отырған «Ең үздік педагог» марапатына  облысымыздан 200 мұғалім қатысты.  Солардың ішінен іріктелген 14 педагогке  номинациялар бойынша сыйақыны  облысымыздың танымал  азаматтары - білім  және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы  төрайымы Т.Ф. Самойлюк, Облыстық мәслихат хатшысы Н.О. Дулатбеков, облыс әкімі Н. Әбдібеков  және Астанадан келген ҚР Білім және ғылым вице-министрі Е.Н. Иманғалиев  табыстады.  

Биылғы жылғы «Ең үздік ұстаз» атағына лайық болған қарағандылық ұстаздар қатары төмендегідей:

1.       «Мектепке дейінгі ұйымдардың ең үздік ұстазы» - Смағұлова Райхан Темирбайқызы – Жаңаарқа ауданы «Балдырған» балабақшасының тәрбиешісі.

2.       «Ең үздік бастауыш сынып мұғалімі» - Ақмағамбетова Акшегүл Мажитқызы  – Қарағанды қаласы №92 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі.

3.       «Балалар үйінің ең үздік ұстазы» -  Олифиренко Лариса Валерьевна – «Құлыншақ» облыстық балалар үйінің дефектолог-мұғалімі.

4.       «Арнайы түзету мектеп-интернаттарының ең үздік ұстазы» - Емельяненко Александр Константинович – көру қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 облыстық мектеп-интернатының музыка пәні мұғалімі.

5.       «Ең үздік пән мұғалімі» - Иманғалиева Мира Нуртөлеуқызы – Абай ауданы Топар кенті, абай атындағы орта мектебінің ағылшын тілі мұғалімі.

6.        «Инновациялық ұйымдардың ең үздік мұғалімі» – Дүбірбекова Қарлығаш Шакәрімқызы Балқаш қаласы №15 мектеп-лицейінің директоры.

7.       «Ең үздік қосымша білім беру педагогі» – Алтынбекова Шариза Далабайқызы – Қарағанды қаласы Балалар мен жеткіншектер сарайының директоры.

8.       «Республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздарын тәрбиелеуші ең үздік ұстаз» -  Мұқатова Ғалия Орынбекқызы – Қарағанды қаласы қазақ-түрік лицейінің тарих пәні мұғалімі.

9.       «Кәсіптік лицей мен колледждердің арнайы пәнінің ең үздік оқытушысы» - Жумкина Светлана Серікбайқызы – Жезқазған бизнес және көлік колледжінің  қазақ тілі мен әдебиеті  оқытушысы.

10.   «Ең үздік  өндірістік оқыту шебері» - Арсламбекова Ольга Григорьевна – Қарағанды кәсіптік-техникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы.

11.   «Өз мамандығына деген адалдық» -  Қайырбекова Зәуре Айтбекқызы – Қарқаралы ауданы №44 орта мектептің математика пәні мұғалімі.

Кәсіби мереке қарсаңында аймақтың білім беру ісіне еңбегі сіңген ардагерлер де елеусіз қалмады.  «Білім саласына қосқан үлесі үшін» облыс әкімінің арнайы 1 млн теңге сыйақысын:

1. Қонтаев Сәбит Сейітұлы – Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының ғылыми кеңесшісі.

2. Рахымов Зекен Рахымұлы – Қарағанды политехникалық колледжінің директоры.

3. Оскеева Зәуре Түсіпқалиқызы –  Осакаровка ауданы білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы иеленді. 

Ал, Қарағанды қаласының білім беру саласына өлшеусіз үлес қосқан азамат деп ҚР Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев танылды. Ол «Қарағанды облысына еңбегі сіңген білім қызметкері» медалінің иегері атанды.

А. САРСЕНБЕКОВА,

«Ізденіс»