Қарағанды қаласында 10-11 желтоқсан күндері республикалық оқу-әдістемелік кеңестің отырысы өтті. Іс-шараның мақсаты – білім берудің жаңартылған мазмұны аясында заманауи педагогикалық технологияларды, әдістемелерді зерттеу және кәсіби қызметте пайдалану арқылы әдіскерлердің педагогикалық білім деңгейін, шеберлігін арттыру, Қарағанды облысының білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының табысты жұмыс тәжірибесімен алмасу.
Келелі жиынның өтуіне ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаменті, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, Қарағанды облысының білім басқармасы, Білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы ұйытқы болды.
Кеңес отырысына Астана, Алматы қалалары және республиканың әр аймағынан облыстық, қалалық, аудандық білім беру бөлімдерінің басшылары, әдістемелік кабинет меңгерушілері және әдіскерлері, барлығы 130-ға жуық адамқатысты.
10 желтоқсан күні Қазақстан халқы Ассамблеясы «Достық» үйінде өткізілген кеңес отырысында білім берудің жаңартылған мазмұны жағдайында әдістемелік қызметті дамытудың өзекті мәселелері көтеріліп, Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының жұмыс тәжірибесі тәжірибесі таныстырылды. Сонымен қатар Қарағанды облысының білім беру жүйесімен танысу мақсатында №101 мектеп-лицей және «Балақай» балабақшасына саяхат жасады.
11 желтоқсанда Қарағанды қаласы №102 мектеп-лицей базасында «Жаңартылған оқу бағдарламаларын енгізу аясында деңгейлеп-саралап оқыту» атты шеберлік-сынып өтті.