Білім берудің инновациялық стратегиясы
09-08-2014 09:37
Білім берудің инновациялық стратегиясы

 

26 тамызда С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында облыстық білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі болып өтті.  Аталмыш іс-шараны өткізу өткен оқу жылының қорытындысын жасап, жаңа оқу жылының негізгі бағыт-бағдарын анықтау қажеттілігінен туындап отыр.   Биылғы кеңес «Білім берудің инновациялық стратегиясы мемлекеттің, қоғамның және жеке тұлғаның тұрақты даму факторы» атты тақырып төңірегінде өрбіді.

Кеңесті Қарағанды облысы әкімі Н.Қ. Әбдібеков ашып, педагогтер қауымын келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтап, сәттілік тілей отырып: «Баршамыздың мақсатымыз бір, ол облысымыздың білім беру мәселелері туралы ақыл қосып, ортақ нақты шешімдер қабылдау. Әр істің өз іргетасы бар дегендей, әр жаңа оқу жылының өз жоспар-жобасы болуы заңдылық. Осыған орай жыл сайын өткізілетін тамыз кеңесі кезекті мәжіліс қана емес, бұл жаңа педагогикалық стратегиялар, тың идеялар,  жасампаз жобалар, ұл сіз болып, сіз болып, сараптан өткізіп, ой елегіне жеткізетін керекті жиын, деректі кеңес. Өздеріңізге белгілі Елбасымыз білім саласына әрқашан да ерекше көңіл бөліп келеді. Себебі заманауи келелі мәселелерді шешіп, қоғамдық талаптарға жауап беретін  инновациялық білім беру жүйесін құру - ұлттық саясатты қалыптастырудың бірден-бір жолы. Осы мақсатта  біздің облысымызда да білім беру жүйесін жетілдіру ісі қолға алынып, барлық мүмкіндіктер жасалуда.  Бұның дәлелі  ретінде облыс бюджетінің 30 пайызының  жыл сайын білім беру саласын қаржыландыруға жұмсалатынын айта аламыз.  Дегенмен де, мәселеміз жоқ, көңіліміз тоқ дей алмаймыз. Сондықтан бүгінгі тамыз кеңесінде қандай жетістіктерге жеттік, қандай шешілмеген мәселелеріміз бар, бір сөзбен айтқанда, облыстағы білім беру мәселелерін бірлесе талқылайтын болайық, - деп, жиналғандарды кеңес жұмысына қатысуға шақырды.

 

Кеңеске жалпы саны 5 мыңға жуық адам, яғни,   аймағымыздың ұстаздар қауымы, білім саласы ардагерлері, жас педагог мамандар, ата-аналар қауымдастығы өкілдері, қала және аудан әкімдері, БАҚ және он-лайн режимде облыс білім беру ұйымдарының педагогтері қатысты.

 

Сондай-ақ алқалы жиын жұмысында Парламент Мәжілісінің депутаты - М.А. Айсина, ҚР Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы - М.Т. Амантаева,  ҚР БжҒ министрлігінің өкілі - Д.Ж. Каленова және Халықаралық байланыс жөніндегі Герман федералды агенттігінің  кеңесшісі - Томас Люкс сөз алып, білім беру үрдісінің мазмұнын жаңарту және даму тенденциясы жайлы өз пікірлерімен бөлісті.

Аймақ білім саласын инновацияландыруда жаңа технологияларды қолдану, оны облыс білім ошақтарына тарату  тәжірибесі  туралы  Қарағанды облысы Білім басқармасы бастығы А. Қ. Аймағамбетов баяндады.    Ол қоғам мен экономиканы дамытудың алғы шарты  жаңашыл білім, заманауи-инновациялық технологиялар екенін айта отырып,  «мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі, ең алдымен, зиялы қоғам, білімді азамат» - деді.

Білім басқармасы басшысының айтуынша, біздің облысымызда 2015-2017 жылдарға Білім берудің басым бағыттарын дамыту бағдарламасы әзірленген. Бұл құжатты, басқаша айтқанда, аймақтағы білім саласын дамытуды қамтитын барлық бағдарламалардың негізі деп айтса болады. Бағдарламаны әзірлеу барысында бізге алдымыздағы үш жыл ішіндегі облыс білім беру саласын дамытудың басты бағыттарын,  олардың аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясына сәйкес келуін және ең маңыздысы, орындалуын тексеру тетіктерін айқындап алу керек болды.  Нәтижесінде, 2015-2017 жж. арналған бағдарламаның негізі білім беруді дамытудың төмендегідей тұғырлы бағыттарына айрылды:

Бірінші стратегиялық бағыт –  бұл білім беру саласын мамандармен қамтамасыз ету. Қарағанды облысында білім беру саласындағы кадрлар жетіспеушілігі мәселесін шешуде 2015-2017 жж. бағдарлама бойынша мынадай іс-шаралар жасалмақ:

- Облыс білім беру мекемелері басшыларының құзіреттілігін жетілдіру,   басқарушылық қабілетін шыңдау.

 - Педагогтерді  жаңғыру  жағдайындағы білім беру саласының жаңа құрылымы мен мазмұнында жұмыс істеуге дайындау.

 - Педагог мамандығының әлеуметтік беделін арттыру, мерейін өсіру.

Екінші стратегиялық маңызды бағыт – бұл білім беру менеджменті.

Бізге білім беру ұйымдарының барлық сатыларында инновациялық үрдісті  бақылауға мүмкіндік беретін  шебер басқару  жүйесін қамтамасыз ету керек. Ол үшін қажеттісі:

- мемлекеттік-қоғамдық басқаруды дамыту;

- сапа менеджменті жүйесін енгізу;

- білім бөлімдерінің типтік құрылымын құру;

- «Bilimal» жобасын жүзеге асыру арқылы тұрақты мониторинг жасау негізінде білім үрдісін жетілдіру;

Үшінші стратегиялық бағыт – мектепке дейінгі білім беруді дамыту.

 Қазір білім берудің жаңарған мазмұнына сай, яғни, бұрынғыша айтқанда «12-жылдық білім беруге» көшу жағдайында балалардың мектепке тиісті дайындықпен келуі маңызды  мәселелердің бірі болып отыр.  Осыған байланысты балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту және  олардың  қызмет сапасын жақсартуға барынша көңіл бөлінуі тиіс.

Төртінші басты бағыт – орта білім беру -  білім берудің базалық және ең тұрақты құрамдас бөлігі. Мектеп – еліміздің болашағының кепілі, сондықтан аталған бағдарламада жалпы орта білімді дамыту ісі мұқият қарастырылған.

 

Бесінші стратегиялық бағыт – балалар мен жасөспірімдерге қосымша білім беру.  

Мұнда екі маңызды компонентке көңіл бөлінді:

 

-Қосымша білім берудің барлық ресурстарын қолдану. Бұл тек қалада ғана емес ауылдық жерлерде кеңінен етек алуы тиіс.  Аталған мәселенің шешімі облысымызға қарасты   шалғай аудандарда көпсалалы мектептен тыс мекемелерді, яғни, өнер мектептерін, олардың филиалдарын құру негізінде табылып отыр.  Нәтижесінде мектеп оқушыларымен қатар ауыл жастары да білім берудің қосымша түріне тартылмақ.

- сондай-ақ қосымша білім беру арқылы оқушылардың жалпы танымдық қабілеті де ұлғаймақ.

Алтыншы стратегиялық маңызды бағыт -  техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңарту. Бұл облысымыздың ғана емес, республикамыздың индустриалды-инновациялық даму бағытымен үндес жүргізілуі тиіс.Қоғамдық даму сараптамаларына жүгінсек, еліміздіңбілім беру саласы еңбек нарығының сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Басты себеп - үздіксіз білім беру үрдісінде жүйелі кәсіби бағытталған білім беру қызметінің жоқтығы. Яғни, білім саласы елімізге қажетті техникалық және кәсіптік бағыттағы сапалы мамандарды даярлай алмай отыр. Бұл оқушылардың техникалық және кәсіптік білім алуға деген қызығушылығын жойып қана қоймай, техникалық кәсіптік мамандықтардың беделін көтеруге мүмкіндік бермеуде.  2015-2017 жж. Білім берудің басты бағыттарын дамыту бағдарламасы осы сала бойынша біршама  жақсы істерге жол ашты.

 

Білім басқармасы басшысы өз баяндамасын жетінші стратегиялық маңызды бағыт – электронды білім беру жүйесімен тәмамдады. Электронды білім беру жүйесі ең таңдаулы білім ресурстары мен инновациялық технологиялардың баршаға тегіс қолжетімді болуын қанағаттандырмақ.  2015 жылға қарай қарағанды аймағының білім беру мекемелерінің 50 пайызын электронды білім алу жүйесіне өткізу жоспарланып отыр.

Баяндама барысында Білім басқармасы  басшысын аса мұқият тыңдаған облыс әкімі, Асхат Аймағамбетовқа сұрақ қойып отырды. Әрбір стратегиялық бағыт көрсетілген сайын, аудан орталықтары білім мекемелерінің басшылары он-лайн байланысқа шығып, өз тәжірибелерімен бөлісіп отырды.  

Алқалы мәжіліс соңында облысымыздың танымал педагогтеріне «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағы беріліп, «Ы.Алтынсарин «Төс» белгісімен марапатталды. Ал «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен ауылдық жерлерге мұғалім болып жұмысқа орналасқан жас мамандарға планшеттік компьютерлер табыс етілді.

Марапаттау рәсімі мұнымен де бітпеді. Аймақ әкімі Н.Қ. Әбдібеков облыс білім саласына аянбай тер төгіп, бар ғұмырын арнаған ұстаздардың омырауына «Қарағанды облысының білім саласына еңбегі сіңген қызметкері»аттыоблыс тарихында тұңғыш рет   бекітіліп отырған төс белгісін өз қолымен  тақты.

Барша педагогтерге жаңа оқу жылында жаңа табыстар тілеп, облыс басшысы жоғарыда айтылған бағыттарға қатысты кеңес шешімін жариялап, «өз ісіне бекем, кәсіби тәжірибелі, шығармашыл ұстаз білім беру саласын  ғана емес, жалпы еліміздің инновациялық стратегиясын  жүзеге асыра алады» деген сөздермен  алқалы отырыстың қорытындысын жасады.

 

П. СТАРОВИК, А. САРСЕНБЕКОВА,

«ІЗДЕНІС»