Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы және «100 нақты қадам- баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарының 79-тармағына сәйкес жалпы білім беретін мектептерде үштілді оқытуды енгізу мақсатында Қарағанды облысы білім басқармасы информатика, биология, физика, химия мұғалімдеріне пәндерді ағылшын тілінде жүргізу әдістемесі бойынша оқу курстарын ұйымдастырып отыр. Бұл курстарды Британ Кеңесінің (British Council) тренерлері жүргізеді.
Мұғалімдердің ағылшын тілінен білім деңгейін анықтап, нәтижелері бойынша курстың бағдарламасын құрастыру үшін Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығында 2015 жылдың 7-8 қазанында онлайн тестілеу өткізу жоспарланды.
Ал бүгін, яғни ағымдағы жылдың 7 қазан күні Британ Кеңесінің ағылшын тілі бойынша жобалар менеджері Бектурова Ардақ Шабкеновнаның басшылығымен ұстаздардың алғашқы тобы қалыптастыру тестіні тапсырды.