2016 жылдың 11 ақпанында Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу – әдістемелік орталығының жоспарына сәйкес физика пәнінің мұғалімдері үшін «Шексіз білім» жобасының I кезеңін жүзеге асыру барысында «Атом ядросының физикасы » тарауы бойынша ҰБТ үлгілік тапсырмаларын шешудегі 11 сынып оқушыларының жалпы оқу дағдысын жетілдіруге бағытталған облыстық онлайн сабақ өткізілді.Онлайн сабақты Сәтбаев қаласының №1 мектеп-гимназиясының физика пәнінің мұғалімі Ержан Гүлмира Әбдіханқызы өткізді. Онлайн режимде сабаққа Қарағанды облысы бойынша 31 білім беру мекемелерінің физика пәнінің мұғалімдері қатысты.
Сабақты мұғалім негізінен төрт кезеңге бөлді. Бірінші кезеңде теориялық білімдерін бекіту мақсатында тест тапсырмаларын орындады. Екінші кезеңде тараудағы формулаларды семантикалық картаны пайдалану арқылы бекітті. Ал үшінші кезеңде тарау бойынша деңгейлік тапсырмалар бере отырып, оқушыларды формулаларды дұрыс қолдануға, шапшаң әрі нақты есептер шығаруға дағдыландырды. Сабақтың соңғы кезеңінде тараудағы физиктердің ашқан жаңалықтары мен ядролық физиканың даму тарихына назар аудара отырып, қарама-қарсы сұрақтар қою арқылы сабақты бекітті. Сабақтың барлық кезеңдері бойынша орынға отырғызу матрицасына оқушылардың жауаптары белгіленді. Сабақ соңында сыныптың 63% оқушысының тақырыпты меңгергендігі анықталды. Орынға отырғызу матрицасының тиімділігі оқушылар зейінін бір нүктеге шоғырландыруға және ойын жинақтауға негізделген. ҰБТ–ға дайындау барысында әрбір тарау бойынша осылай қорытындылау жұмыстары жүргізілсе жоғары нәтижеге жетуге болады. Ал сыныптың немесе физика пәнін таңдап отырған оқушылар арасында тараулар бойынша 63% жетпесе онда сол тарауды қайта қарау қажеттілігі туындайды..