2023 жылдың 01 наурызында Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы Қарағанды облысының білім беру ұйымдарындағы жас педагогтерге «JAŃASHYL USTAZ» зертханасында «Ғибрат» әжелер мектебі аясында ұлағатты ұстаз, алаштанушы, аяулы ана, ардақты әже Нұрсахан Ахметқызымен сыр-сұхбатөткізді.
Іс-шараға Нұрсахан Ахметқызының ізбасар шәкірттері Ж.С. Баймолдина Қарағанды қаласының «Абай атындағы мектеп-гимназиясы» КММ директоры; А.К. Тарыбаева, А.Ж. Тұтқыш «Н. Нұрмақов атындағы ММЛИ»КММ; Н. Иматайұлы, Қарағанды қаласының «А. Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясы» КММ қатысып, жылы лебіздерін білдірді. Әдістемелік орталықтың директоры, төл шәкірті Б.Х. Абдикерова іс-шараны қорытындылап, Н. Ахметқызына және қатысушыларға алғыс білдірді.
Жас мамандар асыл әжеге көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Нұрсахан Ахметқызының балалық шағы мен есею жылдарын, ана болып, немере сүйіп әже атанған шақтарын, өнегелі өмір жолынан әсерлі ғибратқа толы әңгіме тыңдады. Әсерлі сыр-сұхбатта жанға ерекше жылулық сыйлайтын әдемі әндер шырқалды.
Айта кету керек, «Ғибрат» әжелер мектебі өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеуде әженің рөлін және әже мен немерелерінің қарым-қатынасын нығайту мақсатында 2023-2026 жылдары жүзеге асырылатын болады.