2024 жылдың 31 қаңтарда Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы мен «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты», «Озат» ақпараттық технологиялар» мамандандырылған мектеп-лицейлерінің ұйымдастыруымен Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің 130 жылдық мерейтойына арналған «Үш бәйтерек – үш арыс» тақырыбында облыстық педагогикалық фестиваль өтті.
Фестивальдің мақсаты: Халқымыздың біртуар азаматтары Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің еңбегі мен шығармашылығын дәріптеу, мұғалімдердің іс-тәжірибесін тарату.
Фестивальға Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы
Жарылғапов Жансая Жанғазыұлы, Қали Байжанов атындағы облыстық филармания әншісі, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Базарбеков Ержан Наурызбайұлы,облысымыздың білім беру саласындағы үздіктер, педагогтер мен ата-аналар, оқушылар қатысты.
Фестивальдің ашылу салтанаты «Қазақтың ірілері-ай!» танымдық әдеби-сазды бөлімімен басталды. «Шеберлік сыныптар» бөлімінде ұстаздар Сәкен, Ілияс, Бейімбет шығармаларын оқыту бойынша іс-тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, «Дебат» клубы ойыны, ТЕDx жобасы, дөңгелек үстелдерде оқушылар ақын-жазушыларымыздың қоғамдық-саяси қызметі туралы талқылап, құнды пікірлерін ортаға сала білді.
10-сынып оқушыларымен дайындалған 1937-1938 қуғын-сүргін жылдарынан көрініс беретін төрт бөлімді қойылым фестиваль тақырыбын толықтыра түсті. Мектептің үкімет мүшелері интернат тәрбиеленушілері мен ата-аналардың бірігіп жүргізген жұмыс түрлері және ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында қала тұрғындарынан алынған сауалнама қорытындысын ұсынды.
Фестивальге 100-ден астам адам қатысты.