2024 жылдың 14 наурызындаАмал мерекесі күні «Өнегелі өмір» жобасы аясында ардагер ұстаз, әмбебап әдіскер, профессор, техника ғылымдарының кандидаты Сәбит Сейітұлы Қонтаевтың 75 жылдығына арналған «ҰЛЫ ТҰЛҒАНЫҢ ДАРА ЖОЛЫ» атты сыр-сұхбат өтті.
Сыр-сұхбатқа Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы, Сәбит Сейітұлының әріптестері, облыстық білім басқармасы жанындағы Қоғамдық Кеңестің мүшелері, ардагер ұстаздар, мамандандырылған мектеп-лицей-интернаттардың жас педагогтері қатысты.
Іс-шарада Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Құсайын Ерлан Бейсембайұлы ардагер ұстазды мерейтойыменарнайықұттықтады. Дара ұстаздың өнегелі өмір жолы жайлы деректі фильм көрсетілді, замандастары ақ тілегін білдірді.
Қарағанды облысында ғана емес, жалпы Қазақстанның түпкір-түпкірінде ұлағатты әдіскер-ұстазды білмейтін адам кемде-кем болар.
Қаншама жылдар бойы Қарағанды облысында мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтын басқарып, білім беру жүйесіне талай жаңалық пен оңды өзгерістерді енгізуде ерен еңбек еткен ұлағатты ұстаздың саналы ғұмыры осы білім саласымен тығыз байланысты.
Ауыл мектептері, ауылда оқитын балалар үшін жасаған еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Ресурстық орталықтарды құрып, тірек мектептерді ашуда, инклюзивті сыныптардың ашылып, мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдердің өз орнын табуында қосқан үлесі Қарағанды өңірінің білім саласының тарихында алтын әріппен жазылып қалады.