2016 жылдың 14 сәуірінде Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу – әдістемелік орталығының жоспарына сәйкес физика пәнінің мұғалімдері үшін «Шексіз білім» жобасы аясында Балқаш қаласындағы ЖББ №8 орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі Дәркен Кәменқызы Қанаттың 11-сыныпта «Толқындық оптика тарауын қорытындылау, есептер шығару» атты он-лайн сабағы өтті. Онлайн режимде сабаққа Қарағанды облысы бойынша 25 білім беру мекемелерінің физика пәнінің мұғалімдері қатысты.
Сабақ толқындық оптика туралы берілген теориялық материалды пайдаланып, есептер шығаруға, оқылған құбылыстар мен фактілерді салыстыра білуге, ҰБТ есептерін шығаруда теориялық білімді қолдануға, қорытынды жасауға үйрету, эксперименттік дағдыларын дамыту мақсатында өтті. Сабақ үрдісінде жеті модульді пайдалана отырып сабақ жүргізді. Қолданылған модульдер: Оқыту мен оқудағы жаңа әдіс тәсілдер, оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау, сыни тұрғыдан ойлау, оқыту мен оқуда АКТ пайдалану, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу, оқытуды басқару және көшбасшылық. Бағалау формативті бағалау, стикерлер, қол шапалақтау, жиынтық бағалау түрінде бағаланды. Жұмыс топтық, жұптық, жеке жұмыс түрлерінде болды.Сабақ үрдісінде оқушылар өздігінен Блум таксономиясының барлық дерлік деңгейлері бойынша жұмыс жасады.
Сабақ соңында кері байланыс, рефлексия жасалды. «Не білемін, не білдім, не білгім келеді» арқылы оқушылар сабақты қорытындылады. Бағалау парақтары арқылы оқушылар бағаланып, үй тапсырмасы берілді.