Қазақстан Республикасы Премьер –Министрінің орынбасары Дүйсенова Тамара Қасымқызының Қарағанды облысының білім беру ұйымдарына сапары.
08-11-2024 12:02
Қазақстан Республикасы Премьер –Министрінің орынбасары Дүйсенова Тамара Қасымқызының Қарағанды облысының білім беру ұйымдарына сапары.
      Қарағанды облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Премьер – Министрінің орынбасары Дүйсенова Тамара Қасымқызы келді. 
 2024 жылдың 8 қарашасында Тамара Дүйсенова мен өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев бірқатар білім беру нысандарын аралады.
Қарағанды қаласының «Шаңырақ» бөбекжайында Облыстың мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарының директорларымен кездесу өткізілді. Диалогта мектепке дейінгі білім беруді дамыту, қызмет көрсету сапасы мен ата-аналардың қанағаттанушылығын арттырудың жаңа тәсілдері, бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігі, мектепке дейінгі және мектептегі білім деңгейі арасындағы сабақтастық мәселелері талқыланды. Жол картасын орындау, мектепке дейінгі білім берудегі ваучерлік жүйенің жұмысы қарастырылды. Сондай-ақ, мектепке дейінгі ұйымға бармайтын балалардың ата-аналарына арналған Sani Damu платформасының жобасы ұсынылды.
Абай атындағы мектеп-гимназияда Тамара Дүйсенова орта білім беру ұйымдарының басшыларымен кеңес өткізді, онда білім беру сапасын арттыру, PISA-2022 нәтижелері, білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингілеу және педагогтердің білімін бағалау қорытындылары талқыланды. Өңірде 419 мектеп жұмыс істейді, олардың оқу көрсеткіштерін жақсарту мақсатында нысаналы мектептерді әдістемелік сүйемелдеуге бағытталған жобалық кеңсе құрылды. 
Вице-премьер педагог қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға ерекше назар аудара отырып, нәтижелерді одан әрі жақсарту қажеттігін атап өтті. Білім беру саласында жүргізілетін барлық таңдалған шаралар оның сапасын арттыруға және оның барлық сатылары арасындағы сабақтастықты қайтаруға әкелуі тиіс.