АРНАЙЫ ЖӘНЕ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ
19-09-2025 18:35
АРНАЙЫ ЖӘНЕ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ

      19 қыркүйекте білім беру бөлімдері әдіскерлерінің, облыстық ПМПК, аутизмі бар балаларды қолдау орталығының басшыларының, мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының қатысуымен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуде арнайы және инклюзивті білім беру педагогтерінің өзара әрекеттесу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беру ортасына жұмылдырудың өзекті мәселелері мен келешегін талқылауға, кәсіби диалогқа және педагогтер арасында тәжірибе алмасуға бағытталған.

Пленарлық бөлімде Қарағанды қаласының «№27 ЖББМ» КММ облыстық ресурстық орталығының базасында негізгі тақырыптар талқыланды:

- Қазақстан Республикасында 2025-2030 жылдарға арналған Оқу-ағарту министрлігінің, Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА «Инклюзивті білім берудің заманауи парадигмасы» инклюзивті білім беруді іске асыру жөніндегі әдістемелік басшылықты, «Педагогтердің, ата-аналардың және қоғамның ЕББҚ бар балалармен жұмыс жөніндегі өзара іс-әрекетінің үлгілік алгоритмі» нұсқаулық-әдістемелік хатын түсіндіру;

- білім беру ұйымдарында оқушыларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді ұйымдастырудың нормативтік-құқықтық құжаттарындағы өзгерістер және жаңа тәсілдер;

- Қарағанды облысындағы инклюзивті және арнайы білім берудің ағымдағы жағдайын талдау;

- жалпы білім беретін және арнайы мектептер базасында инклюзияны қолдау жөніндегі ресурстық орталықтардың жұмысын жоспарлау (Ескеева С. Ж., Қарағанды қ. «№25 ЖББМ» КММ директоры, Амандыкова Э. Ж., «№2 арнайы мектеп-интернаты» КММ директоры);

- білім беру бөлімдері, облыстық ПМПК, ресурстық орталықтар арасындағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеудегі ынтымақтастық.

Практикалық бөлім барысында «№2 арнайы мектеп-интернаты» КММ базасында «Қарағанды ОПМПК» КММ мамандары Ж. А.Ержолова, Б. Н. Бакмагамбетова, С. О. Амантаева, Б. Д. Кумісбаева нақты кейстерді талдай отырып, «Психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметінің рөлі мен функциялары, практика мен тәсілдер» атты практикалық сабақ өткізді.

Дөңгелек үстел барлық балалар үшін қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз етуге бағытталған арнайы және инклюзивті білім беру педагогтерінің өзара іс-әрекетінің бірыңғай стратегиясын қалыптастырудағы маңызды қадам болды.