Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының жоспарына сәйкес қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған Ләззат Бәйішқызы атындағы «Үздік идеялар» байқауы өз мәресіне өтті. Байқау ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен шығармашылық әлеуетін танытқан мазмұнды алаңға айналды. Ол бірнеше кезең бойынша ұйымдастырылып, қатысушылар білім мен тәжірибенің жоғары деңгейін көрсетті. Алғашқы кезеңдерде ұстаздар эссе жазу және олимпиадалық бағыттағы тапсырмаларды орындау арқылы өздерінің теориялық білімі мен пәндік сауаттылығын дәлелдеді. Осы екі кезеңнің қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен, шығармашылық әлеуеті жоғары ұстаздар байқаудың ІІІ кезеңіне жолдама алды.
Байқаудың ІІІ кезеңінде қатысушылар өздерінің үздік идеяларын, педагогикалық жаңашылдықтарын, озық тәжірибелерін ортаға салып, кәсіби ізденістерін көпшілік назарына ұсынды.
Қорытынды кеш барысында Ләззат Бәйішқызының балалық шағы мен өмір жолынан алынған «Тағдыр сыны – ұстаздық шыңы» атты сахналық көрініс қойылды. Көрініс арқылы ұстаздың тағдырлы балалық шағы, өмір сынақтарына мойымай, білім мен ұстаздық жолды таңдауы көркемдік тұрғыда бейнеленіп, көрерменге терең ой салды.
Қазылар алқасының шешімімен байқау жеңімпаздары анықталып, қатысушылар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен және сертификаттармен марапатталды. Аталған байқау Ләззат Бәйішқызының ұлағатты жолын дәріптеуге, шығармашыл ұстаздарды қолдауға және үздік педагогикалық идеяларды насихаттауға бағытталды.





umc-ro@umckrg.gov.kz







