«Логикалық сауаттылық – заманауи білім берудің ажырамас бөлігі және функционалдық сауаттылықтың берік негізі» атты облыстық семинар-практикум
18-02-2026 17:30
«Логикалық сауаттылық – заманауи білім берудің ажырамас бөлігі және функционалдық сауаттылықтың берік негізі» атты облыстық семинар-практикум

      2025 жылдың 18 ақпанында Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының жылдық жоспарына сәйкес Теміртау қаласындағы «№17 ЖББМ» КММ базасында облыстық «Логика күні» жобасы шеңберінде «Логикалық сауаттылық – заманауи білім берудің ажырамас бөлігі және функционалдық сауаттылықтың берік негізі» тақырыбында мазмұнды семинар-практикум өткізілді.

      Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамыту арқылы функционалдық сауаттылықтың берік негізін қалыптастыруға бағытталған тиімді педагогикалық технологияларды, практикалық-бағдарлы тапсырмаларды және заманауи интерактивті оқыту формаларын енгізу негізінде педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға жағдай жасау болды.

     Семинар аясында бастауыш сыныптарда ашық сабақтар ұйымдастырылып, сабақтастық мәселелері және ерекше білім беруді қажет ететін балалардың логикалық ойлауын дамыту тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Сонымен қатар математика пәні бойынша мазмұнды шеберлік сабақтары мен сыныптан тыс іс-шаралар ұйымдастырылды.Педагогтерге арналған тәжірибе алмасу алаңдары құрылып, командалық ойындар мен зияткерлік сайыстар өткізілді. Бұл алаңдар мұғалімдердің өзара пікір алмасуына және озық тәжірибелерімен бөлісуіне кең мүмкіндік берді.

      Командалық және квест-ойындар барысында оқушылардың логикалық ойлау, салыстыру, талдау, есеп шығару дағдыларын жетілдіруге бағытталған тиімді әдіс-тәсілдер кеңінен таныстырылды. Шеберлік сабақтарында ұлттық құндылықтар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін математика мазмұнымен ұштастыра оқыту жолдары, сондай-ақ функционалдық сауаттылықты арттырудың нақты тетіктері ұсынылды.

     Семинардың қорытынды бөлімінде «Ойлан, тап, озып шық» ата-аналармен бірлескен командалық ойын өткізілді. Сонымен бірге мұғалімдер математикалық олимпиадаларға дайындықтың нәтижелі әдістері, логикалық есептерді шешу стратегиялары және оқу үдерісінде жасанды интеллект құралдарын қолданудың заманауи тәжірибелерімен бөлісті.

     Рефлексия кезеңінде қатысушылар семинардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, ұсынылған материалдардың өзектілігі мен практикалық құндылығына ерекше назар аударды. Аталған облыстық семинар-практикум бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін жетілдіруге, математикалық және логикалық ойлауды дамытуға бағытталған тиімді тәжірибелерді кеңінен таратуға үлкен серпін берді.