WorldSkills Karaganda 2026: болашақ мамандар қалыптасатын кәсіби шеберлік алаңы
11-06-2026 17:13
WorldSkills Karaganda 2026: болашақ мамандар қалыптасатын кәсіби шеберлік алаңы

      11 маусым күні №2 Оқушылар сарайында «WorldSkills Karaganda 2026» өңірлік чемпионатының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Бұл – Қарағанды облысының студенттерін, педагогтерін, сарапшыларын және жұмыс берушілерін біріктіретін кәсіби шеберліктің ең ірі алаңы. Чемпионат техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы өзара байланысты нығайтудың маңызды құралына айналып, жұмыс берушілерге болашақ мамандардың даярлық деңгейін бағалауға, ал қатысушыларға өздерінің кәсіби дағдыларын көрсетуге мүмкіндік берді.

      Биылғы чемпионатқа Қарағанды облысының 46 колледжінен 368 студент қатысты. Жарыстар 17 құзыреттілік орталығы базасында ұйымдастырылып, инженерлік технологиялар мен IT бағыттарынан бастап қызмет көрсету саласы, құрылыс, құтқару ісі және ауыл шаруашылығына дейінгі сұранысқа ие ондаған құзыреттілік бойынша өткізілді.

      Чемпионат қорытындысы бойынша 165 жүлдегер анықталып, 43 қатысушы кәсібилігі үшін медальонмен марапатталды. Жеңімпаздар жоғары деңгейдегі дайындықтарын, тәжірибелік дағдыларын және өндірістік жағдайларға барынша жақын ортада кәсіби міндеттерді шешуге дайын екендіктерін дәлелдеді.

      Салтанатты рәсімнің ерекше сәттерінің бірі – «DostiSkills Kokshetau 2026» халықаралық чемпионаты жеңімпаздарын марапаттау болды. «Bolashaq» жоғары колледжінің студенттері Әлібек Жанбырбаев пен Ғани Мұхамбет «Автономды мобильді робототехника» құзыреттілігі бойынша бірінші орынды иеленіп, Қарағанды облысының мақтанышына айналды.

      Жабылу салтанатына техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің ардагерлері, өңірдің әлеуметтік серіктестері мен жұмыс берушілері, бизнес қауымдастық өкілдері, чемпионат демеушілері, сондай-ақ Қарағанды облысының салалық басқармаларының өкілдері қатысты. Олар өңірдің кадрлық әлеуетін дамытуға және білікті мамандар даярлау ісіне елеулі үлес қосып келеді.ВС 4

      Жалпыкомандалық есептің қорытындысы бойынша Қарағанды жоғары политехникалық колледжі мен Теміртау жоғары политехникалық колледжі чемпионат көшбасшылары атанды. Екінші орынды Қарағанды жоғары инжиниринг колледжі, ал үшінші орынды Теміртау кәсіптік-техникалық колледжі иеленді.

      WorldSkills Karaganda 2026 чемпионаты бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту, сондай-ақ білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған тиімді алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.