2026 жылғы 30 қазанда Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен аудандық және қалалық білім бөлімдерінің ақпараттандыру және жасанды интеллект бағытына жауапты әдіскерлеріне, сондай-ақ жасанды интеллект бағыты бойынша шығармашылық топ мүшелеріне арналған «Білім беруді цифрландыру: әдістемелік сүйемелдеуден практикалық шешімдерге дейін» тақырыбында әдістемелік практикум өткізілді.
Іс-шараның мақсаты: Аудандық және қалалық білім бөлімдері әдіскерлерінің кәсіби және цифрлық құзыреттілігін арттыру, білім беру үдерісінде жасанды интеллект технологиялары мен цифрлық платформаларды тиімді қолдану дағдыларын дамыту, әдістемелік сүйемелдеудің сапасын жетілдіру және заманауи цифрлық шешімдерді білім беру тәжірибесіне енгізу.
Әдістемелік практикум барысында қатысушылар білім беруді цифрландырудың өзекті бағыттарымен танысып, жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану, цифрлық білім беру ресурстарын әзірлеу, оқу жетістіктерін бағалау және заманауи педагогикалық технологияларды қолдану бойынша тәжірибелік жұмыстар жүргізді.
Сартаева Жансая Ахмедьяновна– Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының цифрландыру және жасанды интеллект бөлімінің басшысы «Цифрландыру 2.0: Әдіскердің стратегиялық рөлі және ЖИ трендтері» тақырыбында білім беруді цифрландырудың қазіргі жағдайы, аудандық және қалалық деңгейдегі негізгі кедергілер мен мүмкіндіктер, сондай-ақ әдіскердің цифрлық трансформациядағы стратегиялық рөлі туралы баяндады. Практикалық бөлімде «Prompt engineering: Әдіскерге арналған промпттар архитектурасы» бағыты қарастырылды.
Оразханұлы Серікбол– Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының әдіскері «ЖИ-ге дұрыс сұраныс (промпт) құрастырудың тиімді тәсілдері» тақырыбында жасанды интеллект құралдарымен нәтижелі жұмыс істеудің әдістерін таныстырды. Қатысушыларға сапалы промпт құрастырудың құрылымы, нақты тапсырмаларға сәйкес сұраныстар әзірлеу және жасанды интеллект мүмкіндіктерін күнделікті әдістемелік қызметте тиімді пайдалану бойынша практикалық тәсілдер ұсынылды.
Какенбекова Анел Асылановна– Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының әдіскері «Информатика және жасанды интеллект» пәнінің жаңа бөлімдерін оқыту әдістемесі бойынша цифрлық қауіпсіздік, кіріктірілген жасанды интеллект, деректерді басқару, заманауи сабақты бақылау және талдау алгоритмдерін қарастырды. Сонымен қатар вайб-кодинг әдістемесі, синтаксисті жаттаудан архитектуралық ойлауға көшу және «AI-Proof бағалау: Вайб-кодинг дәуірінде оқушы білімін қалай бағалаймыз?» тақырыптары бойынша практикалық кейстер ұсынылды.
Бақытжанқызы Бақнұр– Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының әдіскері «Білім берудегі Canva: оқу контентін визуализациялаудың заманауи құралдары» тақырыбында білім беру материалдарын көрнекі әрі тиімді әзірлеудің мүмкіндіктерін таныстырды. Практикалық бөлімде Canva платформасының құралдарын пайдалана отырып, цифрлық білім беру өнімдерін әзірлеу жолдары қарастырылды.
Кожахметов Дамир Багдатович– Edutest.kz платформасының өкілі қазақстандық онлайн тестілеу платформасының мүмкіндіктеріне тоқталды. Атап айтқанда, білім алушыларды ҰБТ, PISA, ГАШ, БТС, ББЖМ және олимпиадаларға онлайн дайындау, сондай-ақ платформаның оқушыларға, педагогтерге және білім беру саласын басқару органдарына ұсынатын мүмкіндіктері қарастырылды.
Есенбай Болатхан Омарұлы– ROQED AI платформасының өкілі «ROQED AI платформасындағы жаңалықтар» тақырыбында платформаның жаңа мүмкіндіктері мен білім беру саласында қолдану бағыттары туралы ақпарат ұсынды.
Әдістемелік практикум аясында аудандық және қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері мен жасанды интеллект бағыты бойынша шығармашылық топ мүшелері цифрлық технологияларды білім беру тәжірибесіне енгізу мәселелерін талқылап, кәсіби тәжірибе алмасты.
Практикалық жұмыстар барысында жасанды интеллект құралдарын әдістемелік қызметте қолдану, тиімді промпттар әзірлеу, цифрлық білім беру контентін дайындау, оқыту мен бағалаудың инновациялық тәсілдерін пайдалану және цифрлық платформалардың мүмкіндіктерін меңгеруге ерекше назар аударылды.
Әдістемелік практикум білім беру саласындағы цифрлық трансформацияны қолдауға, әдіскерлердің кәсіби әлеуетін арттыруға, шығармашылық топтардың өзара ынтымақтастығын нығайтуға және заманауи технологияларды білім беру үдерісіне тиімді енгізуге бағытталған маңызды тәжірибе алаңына айналды.
Білім беруді цифрландыру – сапалы білім мен инновациялық дамудың маңызды қадамы!





umc.krg@karagandyedu.kz












