2026 жылға 25 қарашада техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін, сондай-ақ жалпы білім беретін мектептердің 9–11-сынып оқушыларын біріктірген «Студенттік хоббиден табысты бизнеске дейін» IX облыстық дайын өнімдер жәрмеңкесі өтті.
Биылғы жәрмеңкеге 19 колледж бен 2 мектептің өкілдері жиналды. Іс-шараға барлығы 57 қатысушы қатысып, өз идеяларын, шығармашылық жұмыстарын және қолдан жасаған өнімдерін ұсынды.
Жәрмеңке шығармашылық, шеберлік пен кәсіпкерлік идеялардың тоғысқан алаңына айналды. Қатысушылар өз қолдарымен жасаған түрлі өнімдерін ұсынды: дәмді нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер, әшекей бұйымдар, кәдесыйлар, сәндік заттар, қолдан жасалған бұйымдар және басқа да авторлық жұмыстар. Әрбір туындының артында қиял, еңбек және сүйікті ісін үлкен бастамаға айналдыруға деген ұмтылыс жатыр.
Іс-шараға шақырылған әлеуметтік серіктестердің қатысуы да ерекше атмосфера қалыптастырды. Олар жас авторлардың жұмыстарымен танысып, ұсынылған өнімдерді бағалап, қатысушылармен пікір алмасты. Сонымен қатар жәрмеңке тәжірибе алмасуға, жаңа идеялар алуға және сүйікті ісіне болашақ кәсіпкерлік тұрғысынан қарауға мүмкіндік берді.
Студенттік хоббиден табысты бизнеске дейінгі жол идеядан басталып, еңбек арқылы дамып, нақты іске айналады. Мұндай бастамалар жастардың шығармашылық қабілеттерін ашуға, кәсіпкерлік ойлауын дамытуға және өз жобаларын жүзеге асыруға алғашқы қадам жасауына ықпал етеді.





umc.krg@karagandyedu.kz











