2015 жылдың 26 ақпанында Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу – әдістемелік орталығының жоспарына сәйкес «Ом заңы » тақырыбында облыстық онлайн сабақ өткізілді.Сабақ ағылшын тілінде жүргізілді. Онлайн сабақты Жезқазған қаласындағы №3 Қазақ-түрік лицейінің физика пәнінің мұғалімі Тұрарбекұлы Ануарбек 10 «А» сыныбында өткізді. Онлайн режимде сабаққа Қарағанды облысы бойынша 33 білім беру мекемелерінің физика пәнінің мұғалімдері қатысты.
Сабақ өткен тақырыпты яғни электр кедергісінің формуласын қайталаумен басталды. Алдымен механикалық тұрғыдан кедергіге мысал келтірілді. Жалпы кедергінің формуласы және өлшем бірліктері талқыланды. Қайталау кезеңінде Flash phet simulations электронды программадан үзінді көрсетілді.
Жаңа тақырып механикамен байланыстыра отырып түсіндіруден басталды. Көлбеу жазықтықта жүріп келе жатқан шармен салыстырма жасалды. Көлбеу биіктігі кернеуге, ал жылдамдық болса тоқ күшіне теңелді. Көлбеу жазықтықтағы шардың қозғалуын қиындататын әр түрлі кедергі электр кедергісіне теңелді. Шардың жылдамдығы (тоқ күші) көлбеу жазықтық биіктігіне (кернеуге) тура пропорционал, ал кедергілерге (кедергі) кері пропорционал екені анықталды. Гидравликалық тұрғыдан да салыстырма жасалды. Осы салыстырмаларға негізделіп Ом заңы, яғни U=IR формуласына тұжырым жасалды. Flash phet simulations электронды программасын қолданып, есеп шығарылды. Тоқ тізбегіндегі элементтермен оқушылар таныстырылды. Практикалық жұмыс ретінде тоқ тізбегі құрастырылды. Негізгі мақсаты құралдарды дұрыс жалғау және Ом заңын қолданып шамның кедергісін анықтау еді. Оқушылар екі тапсырманы да дұрыс орындап шықты. Сабақ үдерісінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға арналған шығармашылық тапсырмаларға көп көңіл бөлінді.
Шығармашылық тұрғыда өткізілген сабақ оқушылардың жан-жақты, ғылыми тұрғыда дамуына бірден-бір көмегін тигізері анық.