2020 жылдың 25 мамыр күні Қарағанды облысының мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлерінің VIIІ облыстық ғылыми-практикалық конференциясы онлайн режимде өтті.
Конференцияға облыстың барлық аймағынан 300-ге жуық педагог қатысты. Конференцияға қатысуға мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары, педагог-психологтері, мұғалім-логопедтері, мұғалім-дефектологтері, әдіскерлері, балабақшалар мен шағын орталықтардың тәрбиешілері шақырылды.
Конференцияның пленарлық отырысында «SANA» ғылыми-практикалық психология орталығының директоры Алтынай Абдрахманова және БҰҰ Даму бағдарламасының және «Устойчивые города, населённые пункты» жобасының сарапшысы Ирина Немцан, «Интеллектум» орталығының директоры Бижан Игенбаева сөз сөйледі. Балаларды әлеуметтік-эмоциялық оқыту, жаңартылған білім беру кеңістігінде әдістемелік қызметті ұйымдастыру, «Менің өмірімнің Экомектебі» пилоттық жобасын іске асыру, мектепке дейінгі ұйымдарда инклюзивті білім беру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар қатысушыларға «Маленькие гении» жеке дамытушы боксы таныстырылды.
Секциялық отырыстардың модераторлары – Орталық-Қазақстан Академиясының, Өрлеу БАҰО, «Педагогикалық шеберлік орталығы» филиалының, ҚО ББД ОӘО өкілдері. 4 секциялық отырыстарда 25 педагог сөз сөйледі.
Ғылыми-практикалық конференция 4 бағыт бойынша «SABAK.KZ» платформасында өткізілді:
- «Инженерлік ойлау»;
- «4К моделі»;
- «Мектепке дейінгі білім берудің жаңа технологиялары – Lesson Study»;
- «Ерекше білім беру қажеттілігі».
Конференция аясында жинаққа мақала қабылдау жұмыстары жүргізілді. ОӘО әдіскерлері әр бағыт бойынша мақалаларды рецензиялау және редакциялау бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Жинаққа әртүрлі бағыттар бойынша 200-ден астам материалдар енгізілді.