2023 жылдың 29 наурызында Қарағанды облысының білім басқармасы, Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Қарағанды қаласы білім бөлімінің «Шәкәрім атындағы гимназиясы» КММ бірге «Шәкәрім өсиеті – адалдық айнасы» атты облыстық құрылтай өткізілді.
Құрылтайдың бірінші бөлімінде Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориялдық қорық-музейінің көшірмелі көрмесі, гимназия оқушыларының қатысуымен Шәкәрім атындағы музейге саяхат ұйымдастырылды.
Құрылтайдың екінші бөлімі бес секциялық бағыт бойынша жұмыс жасады:
1-секциялық алаңда «Адамдық борышың» деген тақырыпта 9-10 сынып оқушыларының қатысуымен бейнероликтер байқауы өткізілді.
2-секциялық алаңда жас педагогтер TEDx форматында өздерінің үздік идеяларымен бөлісті.
3-секциялық алаңда оқушылардың көрсеткен жағдаяттық қойылымы бойынша көрермендер түйін жасап, дискуссия құрды.
4-секциялық алаңда «Шеберлер шеруінде» облысымыздың шебер ұстаздары ашық сабақ беріп, тәжірибе алмасты.
5-секциялық алаңда облыстық дебаттық турнир жеңімпаздарының арасында бір кезеңдік дебат ойыны өткізілді.
Құрылтайдың секциялық және пленарлық отырысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департамент өкілдері Әбішев Жомарт Сүлейменұлы, Жұмабеков Бейбіт Қайыржанұлы; доцент, тарих ғылымдарының кандидаты, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Бейсенбекова Нурсахан Ахметовна, Семей қаласы, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының жоғары дәрежелі маманы Жакупова Арай Талғатқызы және музей-қорықтың Насихат бөлімінің меңгерушісі Боранбаев Нұржан Ерланұлы; Қарағанды облысы білім беруді дамыту жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшесі, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Смагулова Газиза Габдуллаевна; Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің аға оқытушысы, филология магистрі Жумагелдин Жанайдар Шаймерденович сынды зиялы қауым өкілдері қатысып, Шәкәрім ілімі жайында баяндама жасап, ойларымен бөлісті.
TEDx форматында өзінің «Ақылды блакнот» деп аталатын жұмысымен бөлісіп, І дәрежелі дипломмен марапатталған Саран қаласы №17 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «JAŃASHYL USTAZ» зертханасының жетекшісі Сәби Сәулетұлы пленарлық отырыста өскелең ұрпақты Шәкәрімнің өсиеттеріне сәйкес тәрбиелеу – үлкен жауапкершілік екенін айтып, жас педагогтердің атынан сөз сөйледі.
Құрылтайға офлайн, онлайн режимде облысымыздың білім саласының үздіктері, мектеп директорлары, әртүрлі пән мұғалімдері, ЖОО орындары мен колледж оқытушылары, 9-10 сынып оқушылары, барлығы – 300-ге жуық адам қатысты. Пленарлық отырыс соңында байқаулар жеңімпаздары дипломдармен және қатысушылары алғыс хаттармен марапатталды.