2024 жылдың 16 мамырында«Қарағанды облысында білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы» КМҚК басшылығымен Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде республикалық «Менің бауырым» және «Мұғалім болу – мақтаныш!» педагогикалық сынып бейіндік жобалары аясында қазақ әдебиетінің үш бәйтерегі – С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлиннің туғанына 130 жыл толуына орай мектеп оқушылары арасында «Өнегелі өмір» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияның мақсаты: қазақ әдебиеті тарихында өздерінің қолтаңбасын қалдырып, өр тұлғасын танытқан үш бәйтерек – үш ғұмыр – С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлиннің биік өресін, шығармашылық қырын, өнерпаздық келбетін, парасаттылық болмыс-бітімін, ұлттық құндылықтарға қатысты көзқарастарын таным таразысына салып зерделеу, зерттеу. Білім алушылардың ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға бағдарлануын қалыптастыру.
Конференцияға Қарағанды қаласы А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназия, С.Сейфуллин атындағы гимназия, №3 гимназия және Бұқар жырау ауданы, Нұра ауданы, Осакаров ауданы мектептері оқушылары, колледж студенттері қатысты.
Пленарлық отырысты Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы директорыБ.Х. Абдикерова ашып, «Ұлт руханиятының үш бәйтерегі» тақырыбында баяндама жасады.Қарағанды гуманитарлық колледжі директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Д.К.Исатаев, Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің әдіскері А.А.Кнашина,академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторыЖ.Қ.Смағұлов, А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі А.Қ.Акаева және осы мектептің оқушысыА.Ахынбек, колледж студенті Т.Амантаева сөз алды.
Конференция жұмысы үш бағыт бойынша жүрді:
1-бағыт «Өлең сөздің гауһар тастай дарасы» (С.Сейфуллиннің ақындық, жазушылық қыры, зерттеушілік ізденісі, азаматтық, қайраткерлік бейнесі, өнерпаздық тұлғасы, поэзиядағы жаңашылдығы туралы);
2-бағыт «Қазақты сұлу жырға қанық еттің» (І.Жансүгіровтің үлкен парасат иесі екендігі, қоғамдық-әдеби қызметі, шығармаларының идеялық-көркемдік сипаты, өмір шындығы туралы);
3-бағыт «Бір ғажап сиқыр күш бар тіліңде ойнар»(Б.Майлиннің қаламгерлік, суреткерлік, шеберлік қарымы, дала жырларының өзіндік ерекшеліктері, драмалық шығармалары жөнінде).
Конференцияға қатысқан оқушылар мен мұғалімдерге электронды материалдар жинағы және сертификаттар берілді.