Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы, Қарағанды қаласының білім бөлімі және Жұмабек Тәшенев атындағы жалпы білім беретін мектебімен бірлесе 2025 жылғы 13 наурыз күні Жұмабек Тәшеневтің 110 жылдық мерейтойына орай «Тәлімгер – жас маман» педагогикалық марафонын өткізді.
Марафон жас педагогтардың педагогикалық шеберлігін жетілдіру, олардың кәсіби біліктілігін арттыру және тәлімгерлік тәжірибені тарату, сонымен қатар, білім беру саласында ұлттық құндылықтарды насихаттау мен жас мұғалімдерді қолдау мақсатында ұйымдастырылды.
Марафонға Қарағанды облысының білім беру ұйымдарының жас педагогтары, сондай-ақ «ZIATKERLIK MODERNIZASIA» қалалық жобасы аясында жұмыс істейтін мектеп мұғалімдері қатысты. Іс-шара барысында шеберлік сыныптары, тренингтер, ашық сабақтар және шығармашылық көрмелер ұйымдастырылды. Көрмеде педагогтардың әдістемелік материалдары, сондай-ақ «Ұлттық рухтың символы – Жұмабек Тәшенев» тақырыбындағы қолданбалы өнер туындылары ұсынылды. Сабақтар мен шеберлік сыныптарында тәлімгерлер мен жас педагогтардың өзара іс-әрекеті көрсетілді. Дебаттар мен интеллектуалдық ойындар барысында өзекті мәселелер қарастырылып, жас мұғалімдермен жұмыс жүргізудің инновациялық шешімдері талқыланды. «Жұмабек Тәшенев – көрнекті тұлға» атты театрландырылған қойылымда мемлекет және қоғам қайраткері Ж. Тәшеновтың өмірі мен қызметі кеңінен ашып көрсетілді.
Марафонға облыстың қалалары мен аудандарынан 110-нан астам жас педагогы қатысты. Бұл іс-шара қатысушыларға құнды тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп, жас мұғалімдердің кәсіби дамуына ықпал етті. Тәлімгерлер өз білімдері мен әдістемелерімен бөлісіп, жас педагогтар жаңа білім мен дағдыларды игеріп, кәсіби шеберліктерін шыңдады. Марафонға педагогикалық еңбек ардагері, профессор Қонтаев С.С., Қарағанды қаласының білім бөлімі басшысы Әшім Е.М., ақын-айтыскер, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жұмағұлов А.Б., Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Айтжанова Ж.А. қатысты.
Бұл шара Қарағанды облысында білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Осындай бастамалар жас мұғалімдердің кәсіби дамуына зор үлес қосып, білім саласының болашағын айқындайды.





umc-ro@umckrg.gov.kz











