«Логикалық ойлау – функционалдық сауаттылықтың негізі» атты облыстық семинар-практикум
12-02-2026 16:31
«Логикалық ойлау – функционалдық сауаттылықтың негізі» атты облыстық семинар-практикум

      2025 жылдың 12 желтоқсанында Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының және Қарағанды қаласының білім бөлімініңжылдық жоспарына сәйкес «№14 мектеп-гимназиясы» КММ базасында облыстық «Логика күні» жобасы аясында «Логикалық ойлау – функционалдық сауаттылықтың негізі» атты мазмұнды әрі тағылымды семинар-практикум ұйымдастырылды.

      Іс-шараның басты мақсаты – функционалдық сауаттылықтың берік іргетасы саналатын оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға бағытталған тиімді педагогикалық технологияларды, практикалық-бағдарлы тапсырмаларды және заманауи интерактивті оқыту формаларын енгізу арқылы педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге қолайлы орта қалыптастыру болды.

     Семинар барысында бастауыш сыныптарда математика пәні бойынша мазмұнды шеберлік сабақтары өткізілді. Сонымен қатар, педагогтерге арналған тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылып, командалық ойындар мен зияткерлік сайыстар өткізілді. Бұл алаңдарда мұғалімдер өзара пікір бөлісіп, озық тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік алды.

      Командалық және квест-ойындар аясында оқушылардың логикалық ойлау, салыстыру, талдау, есеп шығару дағдыларын жетілдіруге бағытталған тиімді әдіс-тәсілдер кеңінен көрсетілді. Шеберлік сабақтарында ұлттық құндылықтарды математика мазмұнымен үйлестіре отырып оқыту, функционалдық сауаттылықты арттырудың нақты жолдары ұсынылды.

      Семинардың екінші бөлімінде «Ойlab» командалық ойыны ұйымдастырылып, онда мұғалімдер математикалық олимпиадаларға дайындықтың тиімді тәсілдерімен, логикалық есептерді шешу стратегияларымен, сондай-ақ оқу үдерісінде жасанды интеллект құралдарын қолданудың заманауи тәжірибелерімен бөлісті.

      Іс-шара концерттік бағдарламамен қорытындыланып, рефлексия кезеңінде қатысушылар семинардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, ұсынылған тәжірибелердің өзектілігі мен практикалық маңыздылығын ерекше атап өтті.

     Аталған облыстық семинар-практикум бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін арттыруға, математикалық және логикалық ойлауды дамытуға бағытталған тиімді тәжірибелерді кеңінен таратуға зор мүмкіндік берді.