«Балабақшадағы инклюзивті білім беру – мүмкіндігі шектеулі баланың сапалы білім алуының алғашқы сатысы»
02-04-2026 13:07
«Балабақшадағы инклюзивті білім беру – мүмкіндігі шектеулі баланың сапалы білім алуының алғашқы сатысы»

      2026 жылдың 31 наурызда Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы ПМПК-мен бірлесіп, Қарағанды қаласындағы «Айсұлу» бөбекжайы КМҚК негізінде «Балабақшадағы инклюзивті білім беру – мүмкіндігі шектеулі баланың сапалы білім алуының алғашқы сатысы» тақырыбында мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне арналған облыстық семинар өткізді.

      Іс-шараның негізгі мақсаты – нормативтік-құқықтық негіздерді зерделеу, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеудің заманауи модельдерін қарастыру және командалық өзара әрекеттесудің практикалық дағдыларын дамыту арқылы мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің инклюзивті білім беруді іске асырудағы кәсіби құзыреттілігін арттыру.

     Күн тәртібі барысында ПМПК мамандары мен педагогтер Қарағанды облысындағы балабақшаларда инклюзивті ортаны дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Семинар аясында келесі мәселелер қарастырылды: онлайн сауалнама нәтижелері мен өзекті сын-қатерлер, инклюзияның нормативтік-құқықтық негіздері, мектепке дейінгі ұйымдардағы СППС жұмысы, ПМПК қорытындыларын талдау, ата-аналармен тиімді өзара әрекеттесу модельдері (Дженнингс моделі).

      Сторителлинг және нақты кейстер арқылы қатысушылар тәжірибеге еніп, case-study форматында жағдайларды қазақ және орыс тілдерінде талдады. «Ашық микрофон» және рефлексия қатысушыларға пікір алмасуға, шешімдер табуға және инклюзивті тәсілге қатысты бірыңғай кәсіби түсінік қалыптастыруға мүмкіндік берді. Семинар кәсіби диалог, тәжірибе алмасу және өңір мамандары арасындағы ынтымақтастықты нығайту алаңына айналды.

      Семинар жұмысына Қарағанды облысы, Теміртау, Шахтинск қалаларының, сондай-ақ Абай, Бұқар Жырау, Қарқаралы және Шет аудандарының мектепке дейінгі ұйымдарынан 35 педагог қатысты. Олар өздерінің кәсіби тәжірибесін кеңейтіп, инклюзивті білім беруді ұйымдастыру, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеу және ата-аналар мен мамандармен тиімді өзара әрекеттесудің заманауи тәсілдерін талқылауға мүмкіндік алды.