Қарағанды облысында Шет ауданында облыстық семинар өтті
2026 жылдың 17 сәуірінде Шет ауданының «Жарық тірек мектебі
(РО)» КММ базасында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын
ілгерілету мақсатында ауқымды облыстық семинар ұйымдастырылды.
«Еңбегі адал – жас өрен: білім алушылардың еңбек тәрбиесі мен кәсіби
бағдарын жаңа форматта ұйымдастыру» тақырыбында өткен бұл шара өңір
педагогтері үшін нағыз білім мен тәжірибе ұштасқан алаңға айналды.
Іс-шара Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік
орталығының бастамасымен өтіп, оған Қарағанды, Балқаш қалалары мен
Абай ауданынан келген тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар және «Келешек
мектептерінің» белсенді педагогтері қатысты.
Семинардың басты ерекшелігі – іс-шара тек бір мектептің шеңберінде
шектелмей, Шет ауданы білім беру ұйымдарының өзара тығыз
ынтымақтастығы мен бірлескен шығармашылық жұмысының нәтижесі
ретінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Педагогтер ашық сынып сағаттары мен сыныптан тыс шаралар арқылы
«Адал азамат» тұжырымдамасын сабақтан тыс уақытта қалай тиімді жүзеге
асыруға болатынын іс жүзінде көрсетті.
Білім алушыларды болашақ мамандыққа баулу және еңбекке деген оң
көзқарасты қалыптастыру бойынша арнайы шеберлік сағаттары өтті. Мұнда
жаңа форматтағы әдіс-тәсілдер мен интерактивті технологиялар
таныстырылды.
Қатысушылар еркін форматта пікір алмасып, тәрбие жұмысын
жетілдірудің өзекті мәселелерін талқылады.
Семинар соңында қатысушылар кері байланыс беріп, шараның жоғары
деңгейде ұйымдастырылғанын және ұсынылған әдістемелік материалдардың
құндылығын ерекше атап өтті. Бұл кездесу – мектеп пен қоғам
құндылықтарын ұштастыратын, жас ұрпақтың бойына адалдық пен
еңбекқорлықты сіңіретін жаңа бастамаларға жол ашты.





umc-ro@umckrg.gov.kz





