ЖАҢА БАСТАМА: «ТЕМІРҚАЗЫҚ» ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ПИЛОТТЫҚ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
19-05-2026 15:26
ЖАҢА БАСТАМА: «ТЕМІРҚАЗЫҚ» ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ПИЛОТТЫҚ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
      Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен және Қарағанды қаласының №6 жалпы білім беретін мектебінің базасында маңызды облыстық семинар өтті. Басқосудың басты мақсаты — өңіріміздегі білім беру жүйесіне мүлдем жаңа серпін беретін «Темірқазық» пилоттық жобасын таныстыру және оны іске асыру тетіктерін талқылау. 
Семинар аясында №6 мектептің дарынды оқушылары өздерінің алғашқы ғылыми-тәжірибелік жобаларын мақтанышпен таныстырды. Балалар аспан механикасы, робототехника және модельдеу бағыттары бойынша өз туындыларын көрсетіп, жобаның зор әлеуетін іс жүзінде дәлелдеді. Жас зерттеушілердің қызығушылығы мен шығармашылық ізденісі қатысушылардың жоғары бағасына ие болды.
       Жобаның бірегейлігі неде? Бұл — қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған дәстүрлі астрономиялық танымы (этно-инженерия) мен қазіргі заманғы озық технологиялық шешімдерді (STEAM, жасанды интеллект, Python және цифрлық егіздерді) бір-бірімен үйлесімді ұштастыратын білім беру экожүйесі. Біз оқушыларға тек физика мен математиканы ғана емес, ұлттық құндылықтарымызды да жаңа форматта, ғылыми тілде түсіндіретін боламыз. 
Жобаның мақсаты: Білім алушыларға аспан механикасы мен ғарыштық навигация негіздерін жасанды интеллект және математикалық модельдеу арқылы меңгерту, сонымен қатар «Адал азамат» және Абайдың «Толық адам» концепциясы аясында ұлттық құндылықтарға негізделген тұлға қалыптастыру. 
      Бүгінгі таңда бұл инновациялық жоба облысымыздың 15 орта білім беру және 5 қосымша білім беру ұйымында (соның ішінде өңірлік лицейлер мен гимназияларда) апробациядан өтуде. Ұлттық мұра мен заманауи ғылымды ұштастырған жоба қатысушыларына сәттілік тілейміз!