28 қазанда Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған облыстық онлайн-семинар ұйымдастырды. Семинарға экономикалық пәндер оқытушыларының облыстық әдістемелік бірлестігінен 23 педагог қатысты. Іс-шара барысында 9 спикер тәжірибелік баяндама жасады.
Кездесудің басты тақырыбы білім алушылардың креативті және кәсіпкерлік ойлауын дамыту, сондай-ақ білім беру үрдісінде креативті экономика құралдарын қолдану болды.
Педагогтер өздерінің тәжірибелік жұмыстарымен бөлісті: болашақ бухгалтерлерді даярлауға арналған интерактивті ойындар құру, банктік сатылымдардағы креативті шешімдер, студенттік идеяларды жобаларға айналдыру және болашақ аудармашылар мен туризм менеджерлерінің кәсіпкерлік ойлауын дамыту туралы баяндады. Сонымен қатар студенттердің кәсіби-шығармашылық дамуы, оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер және физика сабақтарында креативті экономика идеяларын қолдану мәселелері талқыланды.
Семинар мазмұнды кәсіби диалог форматында өтті: баяндамалардан кейін қатысушылар сұрақтар қойып, пікір алмасып, ұсынылған тәсілдерді өз жұмыстарында қалай қолдануға болатынын талқылады. Бұндай тәжірибе алмасу педагогтерге жаңа идеялар табуға және студенттік бастамалардың нақты жобаларға айналуына жағдай жасауға көмектеседі.
Спикерлер мен қатысушыларға мазмұнды баяндамалары, ашық диалогы және Қарағанды облысының кәсіптік білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреміз!





umc.krg@karagandyedu.kz




