Размер шрифта:
«Педагогикалық тәжірибе шеберханасы: химия-биология циклі сабақтарындағы инновациялық әдістер мен жұмыс формлары» атты облыстық әдістемелік семинар
13-11-2026 17:01
«Педагогикалық тәжірибе шеберханасы: химия-биология циклі сабақтарындағы инновациялық әдістер мен жұмыс формлары» атты облыстық әдістемелік семинар

2026 жылғы 12 қарашада Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы Теміртау жоғары политехникалық колледжінде «Педагогикалық тәжірибе шеберханасы: химия-биология циклі сабақтарындағы инновациялық әдістер мен жұмыс формлары» тақырыбында облыстық әдістемелік семинар өткізді.

Семинар жұмысына техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің химия және биология пәндері оқытушыларының облыстық әдістемелік бірлестігінен 34 педагог қатысты.

Бағдарламаға сәйкес спикерлер келесі негізгі бағыттар бойынша өздерінің практикалық әзірлемелерімен бөлісті:

Зерттеушілік тәсіл және PISA-ға дайындық: «Академик К.А. Сагинов атындағы колледж-мектеп» ЖМ биология пәні оқытушысы Үсенова Н.К. колледж студенттерін PISA халықаралық зерттеулеріне дайындау үшін зерттеушілік тәсілді қолдану әдістемесін таныстырды.

Оқыту үдерісінде жасанды интеллектті пайдалану:  «Қарағанды «Bolashaq» жоғары колледжі» ЖММ химия пәні оқытушылары Балабаева К.Ш. мен Жаркимбекова А.Т. сауалдарды (промттарды) қалыптастырудан бастап дайын педагогикалық өнімге дейін ЖИ көмегімен сапалы цифрлық білім беру контентін жасау мүмкіндіктерін көрсетті.

Кәсіби құндылықтарды қалыптастыру: «Қарағанды көлік-технологиялық колледжі» КМҚК химия және биология пәндерінің оқытушысы Кайырбекова И.А. химия сабақтарының мазмұнына кәсіби даму құндылықтарын біріктіру тәжірибесімен бөлісті.

Инклюзивті білім беру: «Қарағанды технология және сервис колледжі» КМҚК биология пәні оқытушысы Жуманбаева К.А. инклюзия жағдайында білім алудың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жаратылыстану-ғылыми цикл сабақтарын бейімдеу мәселелерін қозғады.

Іс-шараның модераторы Қарағанды облысында БД ОӘО әдіскері Зубарева Ирина Александровна болды. Шара соңында жалпы талқылау өтіп, семинар қорытындыланды, педагогтер ұсынылған материалдардың жоғары практикалық маңыздылығын, Қарағанды облысы колледждерінің оқу үдерісіне цифрлық технологияларды, инклюзивті білім беру элементтерін және зерттеушілік тәсілдерді енгізудің өзектілігін атап өтті.